Қазақстандық трамплиншілер FIS кубогында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы шаңғымен тұғырдан секіруден Чехияның Френштат-под-Радгоштем қаласында өткен FIS кубогының кезеңінде үш жүлдеге ие болды.
Жарыстың алғашқы күнінде Данил Васильев жеңімпаз атанды. Қазақстандық спортшы екі мүмкіндіктің қорытындысы бойынша 258,4 ұпай жинады.
Екінші орынға 236,6 ұпаймен австриялық Якоб Штайнбергер тұрақтаса, польшалық Ян Галица 236,3 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың екінші күнінде Қазақстан спортшылары алғашқы екі орынды иеленді. Илья Мизерных 267,4 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды. Данил Васильев 259,8 ұпаймен күміс жүлдегер атанды.
Австриялық Якоб Штайнбергер 244,5 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы FIS кубогының Чехиядағы кезеңін екі алтын және бір күміс медальмен аяқтады.



