БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Ербол Мырзабосынов спорт федерацияларының басшыларымен Азия ойындарына дайындықты талқылады

2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына Қазақстан құрамасының дайындығына арналған жиын өтті.

Кездесуге жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялардың басшылары қатысты. Жиында ұлттық құрамалардың қазіргі дайындық деңгейі, халықаралық жарыстардағы нәтижелері, бекітілген жоспарлардың орындалуы, сондай-ақ медициналық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Азия ойындарына 45 елден 15 мыңға жуық спортшы қатысып, 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарланған. Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен жарысқа қатысады.

Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар спорттың 68 түрінен 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде 26 әлем чемпионаты, 71 Әлем кубогі кезеңі, 37 Азия чемпионаты және 148 халықаралық турнир бар. Сонымен қатар 226 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды.

Жаттықтырушылар құрамын күшейту мақсатында спорттың 13 түрі бойынша 11 елден 24 шетелдік маман тартылған.

Жиын қорытындысында ұлттық құрамалардың дайындығын бақылауды күшейтіп, туындаған мәселелерді жедел шешу қажеттігі атап өтілді. Министрлік Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларымен бірлесіп, Қазақстан құрамасының Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуіне қажетті жағдай жасауды жалғастырады.

Кездесу барысында федерация басшылары Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің инфрақұрылымымен де танысты. Университетте жаттықтырушылық қызмет, спорт ғылымы, спорттық медицина және оңалту, менеджмент, спорт журналистикасы мен аналитика бағыттары бойынша мамандар даярланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button