БОКСТРЕНДТЕ

Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатындағы жүлдесі үшін сыйақы алды

2025 жылғы IBA әлем чемпионатында жүлдеге ие болған Қазақстан құрамасының боксшылары уәде етілген ақшалай сыйлықтарын алды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 4–13 желтоқсан аралығында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп, жалпы командалық есепте Ресейден кейін екінші орынға тұрақтады.

Бұған дейін IBA президенті Умар Кремлев турнир барысында жүлдегерлерге ақшалай сыйақы берілетінін мәлімдеген еді. Алтын медаль иегерлеріне 300 мың доллардан, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллардан, қола медаль иегерлеріне 75 мың доллардан төлеу жоспарланған. Сонымен қатар ширек финалға дейін жеткен боксшыларға 10 мың доллардан сыйақы қарастырылған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрады.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін уәде етілген қаражат спортшылардың есепшоттарына аударылды.

Дубайдағы әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және Оразбек Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге ие болса, Теміртас Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов қола медаль еншіледі.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына 13 боксшымен қатысты. Турнир әуесқойлар боксындағы рекордтық 8,32 миллион доллар жүлде қорымен ерекшеленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button