
Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші алтын медалін жеңіп алды.
52 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Фатима Сұпығалиева барлық қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Финалда қазақстандық дзюдошы Украина өкілі Ксения Кирильчукті жеңді.
57 келіге дейінгі салмақта Інжу Жұмажан да финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол Польша өкілі Ягода Цюпикке есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Ерлер арасында Ерік Үсенов (66 келіге дейін) пен Еркен Бекали (73 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жүлделер саны арта түсті. Бұған дейін Ғабит Расулхан (60 келіге дейін) әлем чемпионы атанса, Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін) мен Адия Жанахмет (40 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алған еді.
Сондай-ақ Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін) және Ахмет Баубек (60 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.



