
Қазақстан теннис құрамасының өкілі Соня Жиенбаева Испанияның Виго қаласында өткен W35 санатындағы халықаралық турнирде топ жарды.
Финалда қазақстандық теннисші Қытай өкілі Юфей Ренмен кездесіп, екі сетте де жеңіске жетті. Тартысты матч 7:6 (8:6), 7:5 есебімен Соня Жиенбаеваның пайдасына аяқталды.
Бұл Жиенбаеваның World Tennis Tour жарыстарындағы қатарынан екінші титулы. Бір апта бұрын қазақстандық теннисші Испанияның Оренсе қаласында өткен W75 санатындағы турнирде де чемпион атанған болатын.
Осылайша, Соня Жиенбаева қысқа мерзім ішінде қатарынан екі халықаралық турнирде жеңіске жетіп, жақсы спорттық формасын көрсетті.



