Екі финал, екі рекорд: Қазақстан U20 әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады

АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты екі финалмен және екі жас санатындағы ұлттық рекордпен аяқтады.
Қазақстан құрамасының ең үздік нәтижелерінің бірін Анна Черкашина көрсетті. Сырықпен секіруден іріктеу кезеңінде ол 4,10 метр биіктікті бағындырып, U20 санатындағы Қазақстан рекордын жаңартты. Финалда да осы нәтижені қайталап, әлем чемпионатын 11-орынмен аяқтады.
Максим Сажнев те жоғары нәтиже көрсетті. Диск лақтырудан іріктеу кезеңінде 61,37 метр нәтижемен U20 санатындағы Қазақстан рекордын жаңартып, финалға жолдама алды. Шешуші сайыста 59,85 метр көрсеткішпен 11-орынға тұрақтады.
Қазақстандық спортшылардың өзге нәтижелері:
- Шерхан Егізбай (5000 метрге спорттық жүріс) – 38-орын;
- Егор Струков (5000 метрге спорттық жүріс) – 36-орын;
- Глеб Гладилов (үш қарғып секіру) – 31-орын;
- Кирилл Савченко (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру) – 54-орын;
- Богдан Гончаров (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру) – 37-орын;
- Маргарита Стороженко (5000 метрге спорттық жүріс) – 25-орын;
- Антонина Чернышова (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) – 58-орын;
- Алина Головина (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) – 45-орын;
- Софья Киденко (400 метрге жүгіру) – 51-орын.
Осылайша Қазақстан құрамасы U20 әлем чемпионатында екі бірдей жас санатындағы ұлттық рекордты жаңартып, екі финалға жолдама алып, жас спортшылардың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.



