
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Испанияның Маспаломас қаласында өткен W100 санатындағы халықаралық турнирде чемпион атанды.
Отандасымыз жұптық сында Чехия өкілі Анна Шишковамен бірге өнер көрсетіп, жарыстың жеңімпазы болды. Қазақстандық-чехиялық жұп турнирде екінші нөмірмен тіркелген еді.
Финалдық кездесуде Жібек Құламбаева мен Анна Шишкова Чехияның Доминика Салковасы мен Швеция өкілі Лиза Заарға қарсы ойнады.
Шешуші матч екі сетке созылып, Құламбаева мен Шишкова 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық теннисші Испаниядағы W100 санатындағы беделді турнирдің жеңімпазы атанып, халықаралық аренадағы кезекті табысына қол жеткізді.



