
Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры тартысты кездесулерге толы болды. Турдың орталық матчында алматылық «Қайрат» өз алаңында «Ордабасыны» жеңіп, турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді. Ал «Астана» ірі жеңіске жетіп, үздік үштікке қайта қосылса, «Ақтөбе» маңызды үш ұпай еншілеп, жүлделі орындар үшін күресті жалғастырды.
Тур Жезқазғанда басталып, «Ертіс» сырт алаңда «Ұлытауды» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Талдықорғанда дәл осындай есеппен «Қызылжар» «Жетісудан» басым түсіп, Виталий Жуковский баптайтын команда маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
«Ақтөбе» өз алаңында «Оқжетпесті» 2:1 есебімен ұтып, турнирлік кестедегі жағдайын жақсартты. Ал Қостанайда өткен кездесуде «Тобыл» Урош Миловановичтің жалғыз голының арқасында «Атырауды» минималды есеппен жеңді.
Турдың басты кездесуі Алматыда өтті. Чемпиондыққа таласып жатқан «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Марк Гуаль мен Ойва Юккола мергендік танытса, қонақтар сапынан Бьорн Йонсен тек қосымша уақытта бір гол соқты. Осы нәтижеден кейін «Қайрат» 45 ұпаймен турнирлік кестенің көшін бастады.
Семейдегі матчта «Елімай» мен «Қайсар» 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал Қызылордада өткен нәтижелі кездесуде «Каспий» «Жеңісті» 3:2 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Турдың соңғы матчында «Астана» өз алаңында «Алтайды» 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Елордалық клуб сапында Бауыржан Исламхан, Марин Томасов, Рамазан Кәрімов және Станислав Басманов гол соғып, команда 32 ұпаймен қайтадан үздік үштікке көтерілді.
19-тур қорытындысы бойынша «Қайрат» 45 ұпаймен көш бастаса, «Ордабасы» 43 ұпаймен екінші орынға сырғыды. «Астана» алғашқы үштікке қайта оралды, ал «Ақтөбе» медаль үшін таласты одан әрі қыздыра түсті.


