Астанада ересектер арасында теннистен жазғы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінде спортшылар жекелей және жұптық сындар бойынша чемпиондық атақ пен жүлделі орындарды сарапқа салды.
Әйелдер арасындағы жекелей сында Алматы қаласының өкілі Іңкәр Дүйсебай ел чемпионы атанды. Күміс жүлдені астаналық Сандуғаш Кенжибаева иеленсе, қола медаль Ақтөбе облысының теннисшісі Ева Корышеваға бұйырды.
Ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Ақтау қаласының спортшысы Даниал Рахметуллаев чемпион атанды. Екінші орынды Қызылорда облысының өкілі Ерасыл Ерділдә иеленді. Үздік үштікті Ақтөбе облысының теннисшісі Мансұр Сайынов түйіндеді.
Әйелдер арасындағы жұптық сында алтын медальді алматылық Асылжан Арыстанбекова мен Еркежан Арыстанбекова жеңіп алды. Күміс жүлдеге Іңкәр Дүйсебай мен Альбина Какенова қол жеткізсе, қола медаль Айя Нупбай мен Анастасия Крымковаға бұйырды.
Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде чемпиондық атақты Ерасыл Бахтияр мен Ерасыл Ерділдә жеңіп алды. Күміс жүлдені Ілияс Маратұлы мен Ислам Орынбасар иеленсе, Тимур Сауленко мен Арсений Требухин қола жүлдегер атанды.



