
Қазақстанның конкурдан ұлттық құрамасы 2026 жылы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындықтың соңғы кезеңіне кірісті. Ел құрамасы құрлықтық додаға 12 жылдық үзілістен кейін қайта қатысуға дайындалып жатыр.
Дайындықтың қорытынды кезеңі аясында қазақстандық шабандоздар Бельгия, Нидерланд және Германияда өтетін CSI2–CSI3** санатындағы халықаралық турнирлер сериясында бақ сынайды. Қазақстан намысын Олег Соколенко, Раиса Соколенко, Нұрила Тұрысбекова және Ксения Баталова қорғайды.
Еуропадағы жарыстар барысында спортшылар рейтингілік сайыстар мен Гран-при кезеңдеріне қатысып, биіктігі 145 сантиметрге дейінгі кедергілерден өтетін бағыттарда әлемнің үздік шабандоздарымен күш сынасады.
Бұл халықаралық турнирлер сериясы Азия ойындары алдындағы басты дайындық кезеңі саналады. Дәл осы жарыстарда ұлттық құрама өз деңгейін халықаралық бәсекелестермен салыстырып, негізгі құрлықтық дода қарсаңында шеберлігін шыңдайды.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 2026 жылы Жапонияда өтеді. Қазақстанның конкурдан ұлттық құрамасы бұл додаға 12 жылдан кейін қайта оралып, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.



