ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Скотт Манн Қазақстан Премьер-лигасының төрешілерімен кездесті

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн Қазақстан Премьер-лигасының бас төрешілері, қапталдағы төрешілері және VAR мамандарына арналған кезекті семинар аясында төрешілер корпусымен кездесу өткізді. Іс-шара Астанада чемпионаттың алдағы турларына дайындық мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Скотт Манн төрешілердің кәсіби футболды дамытудағы маңызды рөліне тоқталып, Қазақстан футбол федерациясы төрешілік сапасын арттыруға, мамандарды даярлауға және бірыңғай жұмыс стандарттарын енгізуге басымдық беретінін атап өтті.

Семинар аясында қатысушылар Ойын ережелері мен VAR жүйесіне қатысты теориялық тест тапсырды. Сонымен қатар олар матч эпизодтары бойынша бейнетестілеуден өтіп, алдағы Премьер-лига ойындарына дайындық деңгейін пысықтады.

Бағдарламаның негізгі бөлігі ойын сәттерін жан-жақты талдауға арналды. Төрешілер УЕФА ұсынған оқу материалдарын, сондай-ақ Қазақстан Премьер-лигасы, Бірінші және Екінші лига кездесулеріндегі даулы эпизодтарды бірге саралады. Бұл төрешілік шешімдеріне ортақ көзқарас қалыптастырып, матчтарды басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Семинар соңында қатысушылар теориялық білімдерін жаңартып, тәжірибелік мәселелерді талқылады және Қазақстан чемпионатының алдағы турларында қызмет етуге арналған қосымша әдістемелік ұсынымдарға ие болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button