
Қызылорда қаласында жаңадан салынған «Қайсар Арена» стадионына ресми түрде УЕФА-ның IV санаттағы мәртебесі берілді. Осылайша, спорт нысаны халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін заманауи стадион ретінде танылды.
Бұл мәртебе аренаның ең жоғары деңгейдегі халықаралық футбол кездесулерін қабылдауына мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұнда УЕФА ұйымдастыратын Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының матчтарын өткізуге болады.
УЕФА-ның IV санаты стадион инфрақұрылымы, қауіпсіздік жүйесі, жарықтандыру, медиа аймақтары мен көрермендерге арналған жағдайлар бойынша барлық халықаралық талаптардың орындалғанын білдіреді.
Айта кетейік, «Қайсар Аренаға» берілген жаңа мәртебе Қызылордада халықаралық деңгейдегі футбол ойындарын өткізуге жол ашып, өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамуына серпін береді.



