
Венгрияның Будапешт қаласында өткен күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнир өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күнінде грек-рим күресінен жүлделер сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ернұр Фидахметов финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда шешуші белдесуде Қырғызстан өкілі Жоламан Шаршенбековке есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
55 келіге дейінгі салмақта Исхар Курбаев қола медаль үшін өткен белдесуде үндістандық Лалитті жеңіп, Қазақстан қоржынына қола жүлде салды.
Бұған дейін 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дінмұхаммед Қошқар да қола медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, қазақстандық грек-рим күресі шеберлері Будапешттегі халықаралық рейтингтік турнирді үш медальмен қорытындылады.



