
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, қола медаль иеленді. Әлем біріншілігіне 16 ұлттық құрама қатысты.
Қазақстандық спортшылар С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак құрамаларымен сынға түсіп, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтады. Осы нәтижемен команда плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жарыстың 1/8 финалында отандастарымыз Польша құрамасын 3:0 есебімен сенімді жеңсе, ширек финалда Руанданы да дәл осындай есеппен ұтып, жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың бірі саналатын Иранға 0:3 есебімен есе жіберді.
Ал үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде қазақстандық параспортшылар Бразилия құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаттарындағы тарихи жетістіктерінің бірі болды.



