
Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде еркін күрес бәсекелері аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.
125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Едіге Қасымбек финалда Польша өкілі Камиль Томаш Косьчолекті жеңіп, турнир чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстанның еркін күрес құрамасы Будапешттегі рейтингтік турнирді жеті медальмен қорытындылады. Бұған дейін 61 келіге дейінгі салмақта Асыл Айтақын алтын жүлде жеңіп алса, 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов күміс медаль иеленген болатын. Қола жүлделерді Әділет Әлмұхамедов (61 келіге дейін), Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін) еншіледі.
Сонымен қатар Будапештте әйелдер күресінен де жарыс басталды. Алғашқы жарыс күнінде 50 келіге дейінгі салмақта Зейнеп Баянова қола медаль жеңіп алды.



