
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда. 16 шілдеде өткен күндізгі сессияда U19 санатындағы ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер аяқталды.
Қазақстан құрамасы соңғы жарыс күнінде екі алтын және төрт күміс медаль жеңіп алды.
70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай финалда жапониялық Кунимитцу Хонжоны жеңіп, Азия чемпионы атанды.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховтан басым түсіп, Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді салды.
Күміс жүлделерді Әділ Асқанбай (50 келіге дейін), Ақжүрек Қалабай (65 келіге дейін), Тимур Тайбеков (80 келіге дейін) және Руслан Ахметов (85 келіге дейін) еншіледі. Төртеуі де финалда қарсыластарына жол берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы U19 жас санатындағы Азия чемпионатын бес алтын, төрт күміс және үш қола медальмен аяқтады. Бұған дейін қыздар арасындағы жарыста Камила Оспанова (70 келіге дейін), Айдана Убайдуллақызы (80 келіге дейін) және Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) чемпион атанған болатын. Сондай-ақ Мадира Жұмақан (48 келіге дейін), Едіге Нұрғожа (55 келіге дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін), Айсұлу Мұхит (65 келіге дейін) және Жалғас Утебеков (90 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.



