Қазақстан жастар арасындағы Азия чемпионатын алты медальмен аяқтады

Қытайдың Ордос қаласында жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігін екі күміс және төрт қола медальмен аяқтады.
Күміс жүлдені ұзындыққа секіруден Анастасия Рыпакова мен жетісайыстан Алина Чистякова жеңіп алды.
Қола медальді сырықпен секіруден Максим Балабин мен 20 шақырымдық спорттық жүрістен Ясмина Тоқсанбаева иеленді.
Сондай-ақ әйелдер арасындағы 4×100 метрлік эстафетада Анна Шумило, Екатерина Пузырева, Татьяна Но және Дарья Гридасова қола жүлдеге қол жеткізді.
4×400 метрлік эстафетада да Қазақстан құрамасы үздік үштіктен көрінді. Бұл жарыста Анна Шумило, Анастасия Цвиркунова, Екатерина Колода және Мария Шувалова ел намысын қорғап, қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жастар арасындағы Азия чемпионатын жалпы алты медальмен аяқтап, командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Жалпы есепте Қытай құрамасы 23 алтын, 17 күміс және 12 қола медальмен бірінші орын алды. Екінші сатыға 7 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлде еншілеген Жапония жайғасса, үздік үштікті 5 алтын, 4 күміс және 1 қола медальмен Өзбекстан құрамасы түйіндеді.



