
Астанада өткен салтанатты рәсімде Қазақстанға ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 турнирін өткізу құқығы ресми түрде берілді. Осылайша елорда 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионатының финалдық кезеңін қабылдайтын қала ретінде бекітілді.
Тиісті келісімге Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлинг, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу және Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин қол қойды.
Әлем чемпионатын өткізу құқығының Қазақстанға берілуі халықаралық спорт қауымдастығының еліміздің ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне деген сенімінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. 2027 жылғы әлем біріншілігіне әлемнің жетекші теннисшілері, ұлттық федерациялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мыңдаған жанкүйер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар биыл Астанада алғаш рет World Table Tennis (WTT) ұйымының ең беделді турнирлерінің бірі – WTT Star Contender Astana – President’s Cup 2026 өтеді. Жарыс 15-20 қыркүйек аралығына жоспарланған және WTT халықаралық күнтізбесіне енгізілген.
WTT Star Contender сериясының турнирлері жылына небәрі алты рет ұйымдастырылады. Қазақстан мұндай деңгейдегі жарысты алғаш рет қабылдайды.
Алдағы турнирге әлемнің 30-дан астам елінен шамамен 190 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Франция, Германия, Бразилия, Швеция, Дания, Қытайлық Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Сингапур, Мысыр, Португалия, Хорватия, Словения, Румыния, Қазақстан және басқа да елдердің өкілдері бар. Қазақстан құрамасы сапынан 20-ға дейін спортшы қатысады деп күтілуде.
Турнирді Nomad Table Tennis Academy ұйымы World Table Tennis ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.
Айта кетейік, WTT Star Contender Astana – President’s Cup 2026 және ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 турнирлерінің Қазақстанда өтуі еліміздің әлемдік үстел теннисіндегі маңызды орталықтардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұл қадам спорт инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық туризмді ілгерілетуге, отандық спортшылардың тәжірибесін арттыруға және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.



