
Астанадағы Футбол үйінде қазақ тілінде жарық көрген футзал ережелерінің алғашқы ресми нұсқаулығы мен УЕФА-ның бапкерлерге арналған оқу құралының тұсаукесері өтті.
Жаңа басылымдар мемлекеттік тілдегі футбол саласына арналған әдебиеттер қорын толықтыруға, футзал мамандары мен жаттықтырушыларының кәсіби даярлығын жетілдіруге және халықаралық оқу материалдарын қазақ тілінде қолжетімді етуге бағытталған.
Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман және кітаптардың жарық көруіне қолдау көрсеткен Beles компаниясының бас директоры Махат Төреәлі қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар қазақ тіліндегі салалық оқу әдебиеттерінің маңызына тоқталып, жаңа басылымдардың футзалды дамытуға, жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби деңгейін арттыруға қосатын үлесін атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі сапалы оқу-әдістемелік құралдарды көбейту қазақстандық футболды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі екені айтылды.



