
Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы үш медаль жеңіп алды.
82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Еркебұлан Анапия финалға дейін сәтті жеткенімен, алтын медаль үшін өткен белдесуде Иран балуаны Алиреза Мохаммад Хоссейниге жол беріп, күміс жүлдегер атанды.
60 келіге дейінгі салмақта Алпамыс Болатұлы қола медаль үшін болған кездесуде Жапония өкілі Юсукэ Хиротаны жеңіп, жарысты жүлдемен аяқтады.
Тағы бір қола жүлдені 97 келіге дейінгі салмақта Максим Украинцев иеленді. Қазақстандық балуан үшінші орын үшін өткен белдесуде Қытай спортшысы Синью Люден басым түсті.
Айта кетейік, Паттайяда өтіп жатқан U20 Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан құрамасының балуандары құрлық біріншілігінде тағы бірнеше салмақ дәрежесінде жүлделер үшін күресін жалғастырады.



