ТРЕНДТЕФУТБОЛ

ҚПЛ-2026: бірінші айналымның жалпы аудиториясы 7,4 миллионнан асты

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымының алғашқы айналымы аяқталды. Чемпионаттың бірінші кезеңі көрермендер тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, стадиондар мен цифрлық платформалардағы жалпы аудитория 7 467 932 адамға жетті.

Бұл көрсеткішке стадионға келген жанкүйерлер саны мен ресми цифрлық платформалардағы қаралымдар енгізілген. Ал «Кинопоиск» платформасының статистикасы есепке алынбағандықтан, чемпионаттың нақты аудиториясы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Мәліметтер 2026 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша ұсынылған.

Алғашқы айналымда барлығы 122 матч өткізілді. Кездесулерді стадионнан жалпы 745 897 жанкүйер тамашалады. Осылайша, бір ойынға орта есеппен 6 114 көрермен келген.

Цифрлық платформаларда да чемпионатқа қызығушылық жоғары болды. Қазақстан Премьер-лигасының ресми YouTube арнасындағы жалпы қаралым саны 6 722 035-ке жетті. Оның 5 536 934-і матчтардың тікелей эфирлеріне тиесілі болса, 1 185 101 қаралым ойындардың бейнешолуларына жиналған.

Үйдегі матчтарына ең көп жанкүйер жинаған клубтардың көшін «Қайрат» бастады. Алматылық команданың ойындарын 197 901 адам тамашалаған. Екінші орында «Ордабасы» (180 547), үшінші орында «Ақтөбе» (141 686) орналасқан. Ал алғашқы бестікті «Астана» (136 196) мен «Қайсар» (131 074) түйіндеді.

Маусымның ең көп көрермен жиналған төрт матчы «Қайраттың» қатысуымен өтті. «Қайрат» – «Ақтөбе», «Қайрат» – «Қызылжар» және «Қайрат» – «Астана» кездесулерінің әрқайсысын 22 800 жанкүйер тамашаласа, «Қайрат» – «Елімай» ойынына 21 465 көрермен келген. Бұл көрсеткіш бойынша бесінші орында «Ордабасы» – «Атырау» кездесуі тұр. Аталған матчты 17 700 жанкүйер тамашалаған.

YouTube платформасында ең көп қаралған турлардың көшін бірінші тур бастады. Оның матчтары 615 272 қаралым жинаған. Одан кейін 12-тур (545 857), 5-тур (474 423), 2-тур (460 542) және 8-тур (439 815) орналасқан.

Жалпы статистика Қазақстан Премьер-лигасына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Стадиондарға келетін жанкүйерлер санының өсуі мен цифрлық платформалардағы жоғары белсенділік ел чемпионатының аудиториясы кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button