ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Қайрат» футзалдан Қазақстан чемпионы атанды

Алматылық «Қайрат» футзал клубы 2025/26 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалдық серияның шешуші матчында алматылықтар «Семейді» қосымша уақытта жеңіп, чемпиондық атақты иеленді.

Кездесу қарқынды басталып, ойынның 2-минутында Эдсон «Қайратты» алға шығарды. Алайда бірінші таймның ортасына қарай Герейханов есепті теңестіріп, командалар үзіліске 1:1 нәтижесімен аттанды.

Екінші таймда Жахангир Рашиттің голы «Қайратқа» қайтадан басымдық сыйлады. Дегенмен матчтың 33-минутында Кандидо таразы басын теңестіріп, жеңімпазды анықтау қосымша уақытқа ұласты.

Чемпион тағдыры алғашқы қосымша таймның соңында шешілді. «Семейдің» шабуылы кезінде допты тартып алған алматылықтар қарымта шабуыл ұйымдастырып, Біржан Оразов жеңіс голын соқты. Қалған уақытта «Қайрат» өз қақпасын аман сақтап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, «Қайрат» футзалдан 2025/26 жылғы Қазақстан чемпионатының алтын медальдарын жеңіп алып, кезекті рет ел чемпионы атанды.

Финалдық матч нәтижесі:

«Семей» – «Қайрат» – 2:3 (қосымша уақытта)

Голдар: Герейханов (9), Кандидо (33) – Эдсон (2), Жахангир Рашит (24), Біржан Оразов (45).

Басқа жаңалықтар

Back to top button