БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Президент халықаралық гимнастика ұйымдарының басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясының (World Gymnastics) президенті Моринари Ватанабэ мен Азия гимнастика одағының (Asian Gymnastics) президенті Абдулрахман Әл-Шатриді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова қатысты.

Тараптар елімізде гимнастика спортын дамыту, оны кеңінен насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев World Gymnastics пен Asian Gymnastics ұйымдарының Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалап, соңғы жылдары елімізде гимнастиканың, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында, танымалдығы артып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда көптеген өңірлік спорт залдарымен қатар, ұлттық құрамалар жаттығып, халықаралық жарыстар өткізілетін үш мамандандырылған гимнастика кешені жұмыс істейді. Сонымен бірге Президенттің тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей гимнастика орталығының құрылысы басталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтағанын айтып, алдағы уақытта да спорт саласын дамытуға және беделді халықаралық турнирлерді өткізуге бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстанда кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға жоғары баға беріп, қазақстандық спортшылардың халықаралық ареналардағы жетістіктерін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда және әлемде гимнастиканы дамытуға қосқан үлесі үшін Моринари Ватанабэні І дәрежелі «Достық» орденімен, ал Абдулрахман Әл-Шатриді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button