ДЗЮДОТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасы Прагадағы дзюдодан Еуропа кубогын екі алтын медальмен аяқтады

Чехияның Прага қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы турнирді екі алтын, бір күміс және бір қола медальмен қорытындылады.

Жарыстың соңғы күні 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға екі қазақстандық дзюдошы шықты. Алтын медаль үшін өткен белдесуде Ғалымжан Қырықбай мен Жантілек Нұртілепұлы өзара мықтыны анықтады. Белдесу қорытындысында Ғалымжан Қырықбай айқын басымдықпен жеңіске жетіп, чемпион атанса, Жантілек Нұртілепұлы күміс жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Тасним Абдуали қола медаль үшін күрескенімен, шешуші белдесуде Германия өкілі Хелен Хабибке жол беріп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

Айта кетейік, бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов алтын медаль жеңіп алса, Нұраділ Әлжан қола жүлдегер атанған болатын. Осылайша, Қазақстан құрамасы Прагадағы Еуропа кубогын табысты аяқтап, бірнеше жүлдені ел қоржынына салды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button