
Астанада өтіп жатқан таеквондодан халықаралық Kazakhstan Open турнирінің алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Ұлттық команда қоржынына жалпы саны 13 медаль түсті.
Алтын жүлдені Самирхон Абабакиров (68 келіге дейін), Батырхан Төлеуғали (87 келіге дейін) және Бейбарыс Қаблан (87 келіден жоғары) жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері қатарында Жавохирхон Исламов (58 келіге дейін), Нұрай Бауыржанова (49 келіге дейін) және Нодира Ахмедова (53 келіге дейін) бар.
Қола жүлдені Баходир Шапулатов (54 келіге дейін), Мерген Ғаниев (80 келіге дейін), Нұрқанат Қожахмет (87 келіге дейін), Рита Бакишева (49 келіге дейін), Аружан Әбдіқадыр (53 келіге дейін), Тоғжан Қазнабек (57 келіге дейін) және Айша Әділбекқызы (62 келіге дейін) еншіледі.
Жарыстың алғашқы күнінен кейін командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынға бес алтын, бір күміс және он қола медаль жеңіп алған Түркия құрамасы шықты. Ал екі алтын, төрт күміс және бір қола жүлде иеленген Өзбекстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.



