
Әлемнің тоғызыншы ракеткасы, US Open-2021 жеңімпазы және әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Даниил Медведев Алматыда өтетін ATP 250 Almaty Open турниріне қатысатынын растады.
Халықаралық жарыс 17-25 қазан аралығында өтеді. Медведев турнирге қазіргі чемпион мәртебесінде келеді. Былтырғы финалда ресейлік теннисші франциялық Корентен Мутені жеңіп, ATP 250 Almaty Open турнирінің жеңімпазы атанған болатын.
Кәсіби мансабында Даниил Медведев жекелей сында 23 ATP титулын жеңіп алған. Оның ішінде US Open турниріндегі чемпиондық, ATP Finals жарысындағы жеңіс, алты Masters турнирінің атағы, сондай-ақ ATP 500 және ATP 250 санаттарындағы бірнеше чемпиондық бар.
ATP 250 Almaty Open жыл сайын әлемнің жетекші теннисшілерін жинайтын беделді турнирлердің бірі саналады. ATP-дің ресми күнтізбесіне енген дода Қазақстандағы күзгі маусымның ең ірі халықаралық спорттық жарыстарының қатарында.



