ТЕННИСТРЕНДТЕ

Қазақстандық теннисшілер «Roland-Garros Junior Series» финалына жолдама үшін таласады

Алматыда 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан «Roland-Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» халықаралық іріктеу турнирі мәресіне жақындады.

«Gorky Tennis Park» кешенінің топырақ төсенішті корттарында өтіп жатқан жарыста Орталық және Батыс Азия елдерінің жас теннисшілері бақ сынауда. Турнирдің шешуші кездесулеріне Қазақстанның бірнеше өкілі жолдама алды.

Ұлдар арасында Родион Трайгель бірінші орын үшін таласады. Қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін сириялық Мухамад Эяд Салимді 6:3, 5:7, 6:2 есебімен, ал отандасы Амир Аскарды 6:2, 6:4 есебімен жеңді.

Трайгельдің финалдағы қарсыласы Иран өкілі Киараш Садегизейди болады. Ол турнир барысында Түрікменстан өкілі Алы Гельдыев пен Қазақстан теннисшісі Бексұлтан Бауыржановтан басым түсті.

Қыздар арасында Алуа Марат та бірінші орын үшін матчқа жолдама алды. Ол Елизавета Нигматулинаны 6:3, 6:3 есебімен жеңсе, кейін Айым Қанағатованы үш сетте 7:5, 5:7, 6:2 есебімен ұтты.

Алуа Мараттың финалдағы қарсыласы Өзбекстан өкілі Александра Бармичева болады. Ол бұған дейін Қазақстан өкілдері Амина Нұрмахан мен Тамина Сәкенді жеңген.

Турнирдің шешуші кездесулері 22 тамызда өтеді. Ойындар сағат 10:00-де басталады. Финалдардан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Алматыдағы іріктеу турнирі 17–22 тамыз аралығында өтуде. Оның жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін «Roland-Garros Junior Series» финалдық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Финалда жас теннисшілер «Roland-Garros» жасөспірімдер турнирінің негізгі кезеңіне жолдама үшін таласады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button