ФУТБОЛ

ҚФФ FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясында 250 мың доллар қаржылай қолдау алады

FIFA Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылға арналған FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы жобасын мақұлдады.

Бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған жобаларға 250 мың АҚШ доллары бөлінеді.

Қаржының 125 мың доллары болашағы зор жас футболшыларды іздеу және іріктеуге арналған «Болашақ чемпиондар» жобасына бағытталады. Бапкерлер мен скауттарға арналған оқу семинарларын өткізуге 50 мың доллар қарастырылған.

Тағы 50 мың доллар бағдарламаны басқаруға байланысты операциялық шығындарға жұмсалады. Ал қалған 25 мың доллар балаларды қорғау стандарттарын енгізуге және жоба қатысушыларына психологиялық қолдау көрсетуге бағытталады.

Арсен Венгер басқаратын FIFA-ның футболды жаһандық дамыту жөніндегі тобы Қазақстандағы футбол резервін даярлауға арналған ҚФФ жобаларының сапасын жоғары бағалады.

FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы әлем елдеріндегі ұлттық футбол қауымдастықтарына жас таланттарды іздеу, дамыту және қолдау жұмыстарын жетілдіруге көмектесуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button