
Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатын командалық алтын медальмен аяқтады.
Аралас командалар арасындағы жарыстың финалында қазақстандық дзюдошылар Бразилия құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Шешуші кездесуде Қазақстан сапынан Ғабит Расулхан, Інжу Жұмажан, Еркен Бекали, Тоғжан Төлебай, Әділжан Жаудинов және Иянат Жұбатқан татамиге шықты.
Жекелей сайыстарда Қазақстан құрамасы 10 медаль жеңіп алған еді. Ғабит Расулхан (60 келіге дейін), Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) және Әділжан Жаудинов (90 келіден жоғары) әлем чемпионы атанды.
Адия Жанахмет (40 келіге дейін), Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін) және Інжу Жұмажан (57 келіге дейін) күміс медаль иеленді.
Ал Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін) және Еркен Бекали (73 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.



