
Қытайдың Циндао қаласында өтетін дзюдодан Гран-при турнирінің жеребесі өтіп, Қазақстан құрамасы спортшыларының алғашқы қарсыластары белгілі болды.
Ерлер арасындағы 60 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жарысты Қытай өкілі Сунь Цзяхаоға қарсы бастайды. Осы салмақта Талғат Орынбасар алғашқы айналымда аустралиялық Джошуа Катц пен польшалық Ксаверий Игнасяк арасындағы белдесудің жеңімпазымен кездеседі.
66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаевтың алғашқы қарсыласы Моңғолия спортшысы Турболд Тумурхуу болады.
73 келіге дейінгі салмақта Бақытжан Әбдірахманов Испания өкілі Антон Шухалиевпен, ал Ерсұлтан Дүйсенхан Швециядан келген Нарек Варданянмен күш сынасады.
81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар Грекия спортшысы Арис Зарагкаспен кездессе, Әділет Алмат Қырғызстан өкілі Ратбек Жуманазаровқа қарсы татамиге шығады.
90 келіге дейінгі салмақта Айдар Арапов Румыниялық Влад Висанмен, Даниил Крылов жапониялық Гоки Тадзимамен белдеседі.
100 келіге дейінгі салмақта Асқар Біржановтың қарсыласы румыниялық Рареш Арсение болса, Бақжан Байтас Израиль өкілі Йосиф Симинмен кездеседі.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова Әзербайжан спортшысы Шафаг Хамидовамен алғашқы белдесуін өткізеді.
57 келіге дейінгі салмақта Бақыт Құсақбаева Түрікменстан өкілі Медине Оразныязовамен кездеседі.
70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат Израиль спортшысы Аделина Новицкимен, ал Мөлдір Нарынова Солтүстік Корея өкілі Мун Сон Химен күш сынасады.
78 келіге дейінгі салмақта Аруна Жангелдина Өзбекстан спортшысы Барчиной Кодировамен, Екатерина Токарева канадалық Корали Годбутпен татамиге шығады.
78 келіден жоғары салмақта Аида Тойшыбекова Өзбекстан өкілі Ирисхон Курбанбаевамен, Назгүл Маратова Қытай спортшысы Цзя Бинцяньмен кездеседі.
Айта кетейік, Циндаодағы халықаралық Гран-при турнирі 26 маусымда басталады.



