БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

ХОК Олимпиада қатысушыларына арналған жаңа гранттық бағдарламаны іске қосты

Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) Олимпиада ойындарының қатысушыларын қолдауға бағытталған жаңа бастаманы жариялады. Енді Олимпиадаға қатысқан әрбір спортшы алғаш рет 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі Fit for the Future Olympian Grant грантына үміткер бола алады.

Бағдарлама туралы шешім Лозаннада өткен ХОК-тың 146-сессиясында қабылданды. Жаңа гранттың алғашқы иегерлері 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары болады.

Жоба спортшылардың кәсіби мансабын қолдауға және спорттық жолын аяқтағаннан кейінгі бейімделуіне көмектесуге бағытталған Fit for the Future стратегиясының алғашқы бастамаларының бірі саналады.

Жаңа ережеге сәйкес, әрбір олимпиадалық циклде шамамен 14 мың спортшы Олимпиада ойындарына қатысқаны үшін 10 мың доллар көлеміндегі грантқа өтінім бере алады. Қаражат Ұлттық Олимпиадалық комитеттер арқылы бөлінеді. Егер спортшы грантты пайдаланбаса, бөлінген қаржы болашақ олимпиадашыларды қолдау қорында сақталады.

ХОК бұл бастама Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге, халықаралық федерацияларға, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеттеріне және Olympic Solidarity бағдарламасына бөлінетін қолданыстағы қаржыландыру көлеміне әсер етпейтінін атап өтті.

Грантты 2026 жылдан бастап Олимпиада ойындарына AA санатындағы аккредитациямен қатысқан барлық спортшылар ала алады. Бағдарлама жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушыларына қолданылмайды. Сонымен қатар үміткерлер допингке қарсы ережелерді, Олимпиадалық хартияны және ХОК-тың Әдеп кодексін бұзбаған болуы қажет.

ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газольдің айтуынша, бұл грант медаль үшін емес, Олимпиада жолында төгілген еңбек пен табандылықты бағалау мақсатында енгізіліп отыр.

Қазіргі уақытта ХОК өтінім қабылдау және төлем жасау тәртібін әзірлеуде. 2026 жылғы қысқы Олимпиада қатысушылары үшін өтінімдерді қабылдау биыл басталады, ал алғашқы төлемдерді 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button