
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті алтын медалін жеңіп алды.
Ерлер арасындағы командалық шпага сайысында қазақстандық спортшылар құрлық чемпионы атанды. Финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарының қазіргі чемпиондары әрі жүлдегерлері саналатын Жапония құрамасымен жолықты.
Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Никита Жулинский және Кирилл Проходовтан құралған ұлттық құрама тартысты өткен финалда 45:40 есебімен жеңіске жетіп, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігіндегі медальдар санын төртеуге жеткізді. Бұған дейін Ирина Бакалдина әйелдер арасындағы жекелей шпага бәсекесінде чемпион атанса, Руслан Курбанов қола жүлдеге ие болған еді. Сондай-ақ ерлер арасындағы командалық қылыш сайысында Қазақстан құрамасы үшінші орыннан көрінді.
Делиде тіркелген бұл жеңіс Қазақстан семсерлесу спорты үшін маңызды жетістіктердің бірі саналады. Өйткені финалда қазақстандық шпагашылар соңғы екі Олимпиада ойындарының алтын және күміс жүлдегерлерін жеңіп, Азияның үздік құрамасы атанды.



