
Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының екінші кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық былғары қолғап шебері Үндістан өкілі Дипакпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын медальді салды.
Бұл жеңістен кейін Қазақстан құрамасының алтын медаль саны үшеуге жетті. Бұған дейін Назым Қызайбай (54 келіге дейін) мен Виктория Графеева (60 келіге дейін) де финалдық жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, Әлем кубогының чемпиондары атанған болатын.
Сонымен қатар Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) турнирді қола медальмен аяқтады. Қазақстан құрамасының өзге финалистері де жарыстың соңғы күнінде алтын жүлделер үшін бақ сынайды.



