
Үндістанның Дели қаласында семсерлесуден ересектер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні ерлер арасындағы қылыш және әйелдер арасындағы рапира бағдарламалары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Қазақстан құрамасы сапында ең жоғары нәтижені София Актаева, Артем Сарксисян және Жанат Нәбиев көрсетті. Үш спортшы да 1/8 финалға дейін жеткенімен, ширек финалға өте алмады.
Әйелдер арасындағы рапира сайысында София Актаева Оңтүстік Корея өкілі Мо Бёльге 4:15 есебімен есе жіберді.
Ерлер арасындағы қылыш бағдарламасында Артем Сарксисян ширек финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Гонконг спортшысы Чан Лон Хей Ройстан 12:15 есебімен жеңілді. Ал Жанат Нәбиев Қытай өкілі Шэнь Чэньпэнге 9:15 есебімен жол берді.
Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Бақдәулет Құралбекұлы жарысты 1/32 финалда аяқтады. Назарбай Саттархан мен Алена Гноева 1/16 финалға дейін жетсе, Алина Искандерова 1/32 финал кезеңінен аса алмады.
Айта кетейік, 20 маусымда Азия чемпионатында ерлер арасындағы шпага және әйелдер арасындағы қылыш сайыстары өтеді. Бұл жарыстарда Қазақстан құрамасының өзге спортшылары жүлделер үшін бақ сынайды.



