
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасының үш өкілі кезекті жарыс күнінде рингке шықты.
54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Назым Қызайбай ширек финалда Польша боксшысы Виктория Рогалинскиден 4:1 есебімен басым түсіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы кем дегенде қола медальді өз қоржынына жазды. Енді ол финал жолдамасы үшін рингке шығады.
51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова да жарысты сәтті бастады. Қазақстандық былғары қолғап шебері Венесуэла өкілі Ирисмар Кардосоны төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіп, ширек финалға өтті.
Ал 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Санатәлі Төлтаев жарысты аяқтады. Ол өз жекпе-жегінде Англия боксшысы Патрис Мугалзайға есе жіберіп, турнирмен қоштасты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем кубогының кезекті жарыс күнінде екі жеңіске қол жеткізіп, Назым Қызайбай турнирдің жүлдегерлері қатарына қосылды.



