
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнін төрт жеңіспен аяқтады.
Турнирдің екінші күнінде ұлттық құраманың бірнеше өкілі рингке көтерілді. Өкінішке қарай, 55 келіге дейінгі салмақтағы Тимур Қабдешов пен 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрбек Оралбай жарысты аяқтады.
Тимур Қабдешов алғашқы кездесуінде бразилиялық Келви Триндадиден жеңіліп қалды. Ал 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ширек финалда әлем чемпионы, Өзбекстан боксшысы Турабек Хабибуллаевқа жол берді.
Соған қарамастан, Қазақстан құрамасының басқа өкілдері сәтті өнер көрсетті. Әлем чемпионы Назым Қызайбай (54 келіге дейін) алғашқы жекпе-жегінде Олимпиада жүлдегері, Оңтүстік Корея спортшысы Им Эджиді жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Сондай-ақ Санатәлі Төлтаев (65 келіге дейін) әзербайжандық Малик Хасановтан басым түссе, Тимур Нұрсейітов (75 келіге дейін) ирландиялық Тиг О’Доннеллді жеңді.
Әйелдер арасында Лаура Есенгелді (70 келіге дейін) Испания өкілі Дуния Мартинес Маспен кездесіп, сенімді жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық боксшы келесі айналымға жолдама алды.
Әлем кубогының екінші кезеңі Гуйян қаласында жалғасуда. Қазақстан құрамасының қалған өкілдері де жүлделі орындар үшін күресті жалғастырады.



