ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан клубтарының еурокубоктардағы алғашқы қарсыластары белгілі болды

Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА штаб-пәтерінде Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы алғашқы іріктеу кезеңдерінің жеребесі тартылды.

Қазақстан чемпионы Қайрат Чемпиондар лигасындағы жорығын Черногорияның Сутьеска командасына қарсы бастайды. Алғашқы кездесу 7 немесе 8 шілдеде Алматыда өтсе, қарымта матч 14 немесе 15 шілдеде Никшич қаласында ұйымдастырылады.

Ал Астана Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Албанияның Динамо Сити клубымен кездеседі. Бірінші ойын 9 шілдеде Тиранада өтеді, ал жауапты матч 16 шілдеде елордада ойналады.

Семейдің Елімай командасы Конференция лигасында Арменияның Алашкерт ұжымына қарсы алаңға шығады. Бұл семейлік клубтың еурокубоктардағы алғашқы маусымы болмақ.

«Елімай» мен «Алашкерт» арасындағы алғашқы матч 9 шілдеде Ереванда өтсе, қарымта кездесу 16 шілдеде Семейде ұйымдастырылады.

Осылайша, қазақстандық клубтар еурокубок маусымын шілде айында бастайды. Алғашқы іріктеу кезеңінің нәтижелері олардың халықаралық аренадағы әрі қарайғы жолын анықтайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button