ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан әйелдер құрамасы Әлем чемпионаты іріктеуінің плей-офф кезеңіне жолдама алды

Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы 2027 жылғы футболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінде тарихи жетістікке қол жеткізіп, плей-офф сатысына шықты.

Бегайым Қырғызбаева жаттықтыратын команда С дивизионының 6-тобында Армения және Беларусь құрамаларымен бақ сынады. Топтық кезең қорытындысы бойынша қазақстандық футболшылар 7 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасы Арменияны өз алаңында 3:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсті. Беларусьпен өткен кездесулерде бір жеңіс пен бір жеңіліске қол жеткізді (1:0 және 0:1).

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы С лигасында екінші орын алған үздік командалардың қатарына еніп, әлем чемпионаты іріктеуінің плей-офф кезеңінің бірінші раундына жолдама алды.

Плей-офф кезеңінің жеребе тарту рәсімі 18 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласында өтеді. Сол күні Қазақстан құрамасының келесі қарсыласы анықталады.

Күзде өтетін плей-офф матчтарында А, В және С лигаларының командалары 2027 жылғы әлем чемпионатының жолдамалары үшін таласады. Іріктеу нәтижесінде Еуропа құрлығына жеті тікелей жолдама және бір құрлықаралық плей-офф жолдамасы беріледі.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы 2027 жылғы әлем чемпионаты 24 маусым мен 25 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Әлемдік додаға планетаның ең үздік 32 құрамасы қатысады.

Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалып, халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің біріне қол жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button