
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов маусым айында өтетін жолдастық кездесулер қарсаңында команданың дайындығы, жас ойыншылардың мүмкіндігі және алдағы жоспарлар туралы пікірін айтты.
Маманның сөзінше, Армения және Мажарстан құрамаларына қарсы матчтар күздегі ресми ойындар алдындағы соңғы дайындық кезеңі болмақ.
Байсуфинов бұл кездесулердің маңызын табиғи алаңда өтетінімен де байланыстырды. Сонымен қатар ол ұлттық құраманың Шымкенттегі оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бас бапкер жаттығу өткізіліп жатқан алаңдардың сапасына оң бағасын беріп, стадион қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Оның айтуынша, командада бәсекелестік артып келеді және соңғы уақытта өздерін жақсы қырынан көрсеткен жас футболшылар ұлттық құрама сапына шақырылып жатыр.
Талғат Байсуфинов алдағы екі жолдастық кездесуде жас ойыншыларға мүмкіндік берілетінін айтты. Дегенмен олардың тек ойын тәжірибесін жинақтауы ғана емес, ұлттық құрамадағы жұмыс жүйесі мен атмосфераға бейімделуі де маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ бас бапкер күзгі матчтар қарсаңында құрамдағы орын үшін талас күшейе түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, ел чемпионатының екінші айналымында тұрақты әрі сапалы ойын көрсеткен футболшылар ұлттық құрамаға шақырту алуға жақсы мүмкіндікке ие болады.



