
Қазақстан ұлттық футбол құрамасы маусым айында өтетін жолдастық кездесулерге дайындық аясында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын бастады.
Ұлттық команда алғашқы жаттығуын 29 мамыр күні Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткізді. Оқу-жаттығу жиыны 4 маусымға дейін жалғасады.
Жиын аяқталғаннан кейін Талғат Байсуфинов шәкірттері Армения және Мажарстан құрамаларына қарсы жолдастық кездесулер өткізу үшін шетелге аттанады.
Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын 6 маусым күні Ереван қаласында Армения құрамасына қарсы өткізеді. Кездесу Вазген Саркисян атындағы республикалық стадионда болады.
Ал 9 маусымда ұлттық құрама Мажарстанмен кездеседі. Матч Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында өтеді.
Алдағы жолдастық кездесулерге Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 25 футболшыны шақырды.
Бұл матчтар ұлттық құраманың алдағы ресми турнирлер алдындағы дайындығын пысықтауға және жаңа ойыншыларды сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.



