
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатындағы өнерін жеңіспен бастады.
Әлемдік жұптық рейтингте алтыншы орында тұрған қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда Чехия өкілдері Джессика Малечкова мен Мириам Шкох жұбымен кездесті.
Кездесу барысында Данилина мен Крунич ойын тізгінін өз қолдарына алып, маңызды сәттерде сенімді өнер көрсетті. 1 сағат 25 минутқа созылған матч 6:4, 6:1 есебімен аяқталды.
Екінші айналымда қазақстандық-сербиялық жұп Австралия өкілі Майя Джойнт пен бельгиялық Хенне Вандевинкель тандеміне қарсы ойнайды.
Айта кетейік, Анна Данилина Париждегі турнирде аралас жұптық сында да бақ сынайды. Оның микст бағдарламасындағы серігі — америкалық Джей-Джей Трэйси.
Қазіргі уақытта Анна Данилина мен Юлия Путинцева Франция ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жарысында Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан соңғы теннисшілер болып қалды. Бұған дейін Елена Рыбакина турнирдің екінші айналымында жеңіліп, жарысты аяқтаған еді.



