ТРЕНДТЕҰЛТТЫҚ СПОРТ

«Әулие-ата» көкпардан Қазақстан чемпионы атанды

Жетісу облысының Талдықорған қаласында көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.

1–9 мамыр аралығында өткен ел біріншілігіне 19 команда қатысып, бұл көрсеткіш Қазақстан чемпионаттары тарихындағы рекордқа айналды.

Командалар жеребе арқылы төрт топқа бөлініп, алғашқы бес күнде топтық кезең матчтарын өткізді. Нәтижесінде Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы, Алматы, Ақмола, Жамбыл және Жетісу облыстары ширек финалға жолдама алды.

Ширек финалда Қостанай облысы фавориттердің бірі саналған Түркістан облысын жарыс жолынан шығарды. Сонымен қатар Шымкент қаласы, Жамбыл және Алматы облыстары жартылай финалға өтті.

Жартылай финалда Шымкент командасы Қостанай облысын 11:4 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ал Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы Алматы облысымен өте тартысты матч өткізді. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, қосымша уақытта Ернат Мәлімбай салған алтын салым Жамбыл командасына жеңіс сыйлады.

Финалда «Әулие-ата» командасы Шымкент шабандоздарына еш мүмкіндік бермей, 6:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Осылайша, Жамбыл облысының командасы көкпардан Қазақстан чемпионатын 16-рет жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттар табысталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button