Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының бесінші жарыс күнінде U17 санаты бойынша ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды.
Қазақстан құрамасының бес өкілі өз қарсыластарын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
46 келі салмақта Милана Иншина вьетнамдық Зи Нгок Ха Луды үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
50 келіде Хатшепсут Садвакасова қытайлық Шименг Лудан 5:0 есебімен басым түсті.
57 келіде Розалия Вайдеман өзбекстандық Мадинабону Худиярованы 4:1 есебімен ұтты.
60 келіде Балым Ғабитқызы Тайпей өкілі Хин Ченді 5:0 есебімен айқын жеңді.
75 келіде Диана Надырбек вьетнамдық Бао Нган Луонгты бірінші раундта техникалық нокаутпен жарыс жолынан шығарды.
Ал қалған қазақстандық спортшылар ширек финалда жеңіліс тапты. Лашын Дәулетжан өзбекстандық Маржона Худайбердиеваға 1:4 есебімен жол берсе, Гүлбану Бекмұрат жапониялық Акан Емурадан 2:3 есебімен жеңілді.
Сонымен қатар Эльнура Қоңырат үндістандық Гурсират Каурға, Алина Кожевникова өзбекстандық Мехримах Киличоваға есе жіберді. Ал Аян Жандосұлы түркіменстандық Атабек Хожиевтен жеңіліп қалды.



