
Шымкент қаласында өтіп жатқан УЕФА даму кубогында Қазақстанның 16 жасқа дейінгі құрамасы алғашқы ойынын сәтті өткізді. Отандастарымыз Пәкістан U-16 құрамасын 4:1 есебімен жеңді.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ Қазақстан құрамасы ойын тізгінін өз қолына алды. 7-минутта Платон Шипицин пенальтиден есеп ашты. Бұдан кейін де біздің жас футболшылар шабуылды үдетіп, бірінші таймда қарсылас қақпасына тағы үш гол соқты. Әнуар Төленді, Давид Заречный және Данияр Қаси мергендігімен көзге түсті.
Екінші таймда ойын қарқыны сәл бәсеңдегенімен, Қазақстан құрамасы басымдықты сақтап қалды. Тек 88-минутта Пәкістан ойыншысы бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды нәтиже — 4:1.
Осылайша, Русланжан Раимбакиев баптайтын команда турнирді сенімді жеңіспен бастады. Екінші кездесуде Қазақстан U-16 құрамасы 27 сәуір күні сағат 15:30-да Әзербайжан құрамасына қарсы ойнайды.
Матч мәліметі:
Қазақстан U-16 – Пәкістан U-16 – 4:1 (4:0)
Голдар: Шипицин 7 (пенальти), Төленді 21, Заречный 30, Қаси 45 – Самад 88
Кездесу 25 сәуір күні Шымкент қаласындағы «Намыс» стадионында өтті.



