
Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында Қазақстандағы алғашқы ресми ұлттық киберфутбол лигасы — eKPL турнирінің бірінші маусымының гранд-финалы ұйымдастырылды.
Маусым үш кезеңнен тұрды: клубішілік іріктеу, онлайн чемпионат және Қарағандыда өткен шешуші LAN-финал. Финалдық кезеңге елдің сегіз клубының үздік ойыншылары қатысты. Атап айтқанда, «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс» клубтарының өкілдері бақ сынады. Барлық кездесулер плей-офф жүйесінде, BO1 форматында өтті, әр тайм 9 минутқа созылды.
Үшінші орын үшін өткен матчта «Ұлытау» клубының ойыншысы Әмір Желкібаев «Жеңіс» өкілін жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Ал финалда «Қайрат» атынан өнер көрсеткен Олжас Есентаев пен «Шахтёр» ойыншысы Данияр Шарабадин чемпиондықты сарапқа салды. Қорытындысында қарағандылық киберспортшы жеңіске жетіп, халықаралық eChampions League турниріне жолдама алды. Ол Қазақстан намысын мамыр айында Англияда қорғайды.
Данияр Шарабадин финалдан кейін әсерімен бөлісті:
— Баршаңызға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Финал өте тартысты өтті, бұл менің мансабымдағы ең қиын ойындардың бірі болды. Өз деңгейімде ойнай алмадым деп ойлаймын. Соған қарамастан, жеңіске жететінімді іштей сездім. Қобалжу әсер етіп, кездесу оңай болмады, 3:2 есебімен әрең жеңдім.
Ол алдағы халықаралық турнирге дайындық жайында да пікір білдірді:
— Бұл жарыс мүлде басқа деңгейде өтеді. Қазір толық дайынмын деп айта алмаймын. Дегенмен, алда уақыт бар. Еуропада жаттығып, барынша жақсы формаға келуге тырысамын. Осындай мүмкіндік жасаған федерацияға және командамыздың жетекшілеріне алғыс білдіремін.
Қазақстан футбол федерациясы бұл жобаны отандық футболды дамытудың жаңа бағыты ретінде қарастырып отыр. Киберфутбол — заманауи технологиялар мен дәстүрлі спортты ұштастыратын бағыт. Ол жастарды тартуға, жаңа аудитория қалыптастыруға және футбол индустриясын кеңейтуге мүмкіндік береді.



