
Қазақстандық дзюдошы Әділет Алмат Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына жолдама алды.
81 келіге дейінгі салмақта өткен жартылай финалда отандасымыз тәжікстандық Бехрузи Ходжазадаға қарсы белдесуде жеңіске жетті. Енді финалда ол тағы бір тәжікстандық спортшы Сомон Махмадбековке қарсы алтын медаль үшін күреседі.
Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Абылайхан Жұбаназар жұбаныш белдесуінде БАӘ өкілі Нугзари Таталашвилиден басым түсіп, қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. Ол Гаджимурад Омаровқа қарсы белдеседі.
Сонымен қатар 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова да қола медаль үшін күреседі. Ол жартылай финалда солтүстіккореялық Джи Хье Кимге қарсы белдесуде жеңіліп қалды. Үшінші орын үшін ол Тайбэй өкілі Пэй Сунь Юань қарсы татамиге шығады.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дана Әбдірова жұбаныш кезеңінде өзбекстандық Шукуржон Аминоваға қарсы белдесуде жеңіліп, жарысты жетінші орынмен аяқтады.



