ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан кубогы: 1/8 финалға шыққан командалар анықталды

Қазақстан кубогының 1/16 финал кезеңі аяқталып, келесі айналымға өткен командалар белгілі болды. Екі ойын күнінде барлығы 15 матч өтіп, турнирдің 1/8 финалына жолдама алған ұжымдар анықталды.

Биыл турнир форматына бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді алдын ала іріктеу кезеңі болмайды. Барлық лигалардың (Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига) командалары жеребе арқылы жұптасып, жарысты бірден 1/16 финалдан бастады. Сондай-ақ әуесқой лига чемпиондары – Jelaev Nan мен BKS клубтары да қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Премьер-лиганың 16 командасының барлығы 1/8 финалға өтті. Тек SD Family қатыспағандықтан, «Ертіс» келесі кезеңге автоматты түрде жолдама алды. Қалған ұжымдар өз қарсыластарынан басым түсті. Айта кетерлігі, осы маусымда чемпионатта жеңіске жете алмай жүрген «Қайсар», «Атырау», «Тобыл», «Алтай» және «Каспий» клубтары алғаш рет жеңіс дәмін татты.

Кейбір матчтар тартысты өтті. Мәселен, «Астана» BKS командасын тек соңғы минуттарда жеңсе, «Жетісу» «Қаршығаға» қарсы қиын ойын өткізді. Ал Қарағандыдағы кездесуде «Шахтер» 2:0 есебімен алда тұрғанымен, «Оқжетпес» камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. «Тараз» бен «Ұлытау» арасындағы матч қосымша уақытта шешіліп, жеңісті жапониялық Хироки Харада алып келді.

Матч нәтижелері:

«Талас» – «Қайсар» – 0:2
«Жас Қыран» – «Атырау» – 0:4
«Аңсат» – «Тобыл» – 0:8
«Оңтүстік» – «Ордабасы» – 2:4
BKS – «Астана» – 1:2
«Жайық» – «Қайрат» – 1:3
«Тұран» – «Елімай» – 1:4
«Қаршыға» – «Жетісу» – 0:1
«Хромтау» – «Жеңіс» – 1:4
Jelaev Nan – «Алтай» – 0:2
«Арыс» – «Ақтөбе» – 0:4
«Батыр» – «Каспий» – 0:4
«Шахтер» – «Оқжетпес» – 2:3
«Тараз» – «Ұлытау» – 0:1
«Хан Тәңірі» – «Қызылжар» – 0:1

1/8 финал жұптары:

«Ордабасы» – «Каспий»
«Атырау» – «Жетісу»
«Ақтөбе» – «Елімай»
«Алтай» – «Ұлытау»
«Қайсар» – «Қайрат»
«Астана» – «Тобыл»
«Оқжетпес» – «Жеңіс»
«Ертіс» – «Қызылжар»

Енді командалар ширек финал жолдамасы үшін тартысты бәсекеге түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button