
Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов Тунистің Монастир қаласында өткен ITF M15 турнирінде жеңімпаз атанды.
Финалда 18 жастағы спортшы әлем рейтингінде жоғары тұрған түркиялық Мерт Алкая қарсы ойнап, тартысты матчта басым түсті.
Кездесудің алғашқы сетінде Омарханов 7:5 есебімен алға шықты. Екінші партияда қарсыласы 6:1 есебімен таразы басын теңестірді. Шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші тағы да 7:5 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің басты жүлдесін иеленді.
Бұл жеңісінен кейін Әмір ATP Live рейтингінде айтарлықтай жоғарылап, 643-орынға көтерілді.



