Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты басталды

Түркістан қаласында жаңадан салынған атшабарда көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
17–21 наурыз аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысып жатыр. Жүлде жолында Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары бақ сынайды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, жарыстың бас төрешісі Жанысбек Саев, сондай-ақ көкпардан Кеңес Одағының 9 дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс регламентіне сәйкес, 17–19 наурыз аралығында топтық кезең ойындары өтеді. Үздік нәтиже көрсеткен командалар жартылай финалға жолдама алады.
20 наурызда жартылай финалдық кездесулер, ал 21 наурызда финалдық ойындар ұйымдастырылып, чемпион мен жүлдегерлер анықталады.
Айтулы жарысты Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы және Түркістан облысы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды.
Айта кетейік, көкпардан әлем чемпионаты соңғы рет 2017 жылы өткен болатын. Араға тоғыз жыл салып, бұл тарихи жарыс қайтадан Түркістанда ұйымдастырылып отыр.



