ТРЕНДТЕФУТБОЛ

ҚПЛ: «Қайрат» «Ақтөбені» қабылдайды, «Астана» Қызылордаға барады

16–17 наурыз күндері Қазақстан Премьер-лигасының екінші тур матчтары өтеді. Тур аясында бірқатар тартысты кездесулер жоспарланған. Олардың ішінде Алматыдағы «Қайрат» – «Ақтөбе» ойыны орталық матч саналады. Сонымен қатар «Қайсар» – «Астана» және «Жеңіс» – «Ордабасы» кездесулері де жанкүйерлердің назарын аударып отыр.

16 наурыз

«Ұлытау» – «Қызылжар»
Тур Жезқазғанда басталады. Өткен маусымда екі команда екі рет кездесіп, бір матчта «Қызылжар» жеңсе, бір ойын тең аяқталған. Бірінші турда «Ұлытау» сырт алаңда «Атыраумен» тең ойнады (0:0), ал «Қызылжар» өз алаңында «Каспийді» 2:1 есебімен жеңді.

«Елімай» – «Алтай»
Астанада «Шығыс дербиі» өтеді. Семейдің «Елімайы» елордада премьер-лига дебютанты «Алтайды» қабылдайды. Бірінші турда «Елімай» «Оқжетпеспен» тең түссе, «Алтай» чемпион «Қайраттан» 0:1 есебімен жеңілді.

«Тобыл» – «Жетісу»
Қостанайда Нұрбол Жұмасқалиев баптайтын «Тобыл» мен Қайрат Нұрдәулетов жетекшілік ететін «Жетісу» кездеседі. Бірінші турда екі команда да 1:4 есебімен жеңілген. Өзара матчтар статистикасында «Тобылдың» басымдығы байқалады.

«Ертіс» – «Атырау»
Еліміздің бес дүркін чемпионы «Ертіс» араға жеті жыл салып Премьер-лигаға оралды. Алғашқы турда павлодарлықтар «Ордабасымен» 2:2 есебімен тең ойнады. «Атырау» болса «Ұлытаумен» 0:0 нәтижесімен ұпай бөлісті.

«Қайрат» – «Ақтөбе»
Турдың басты ойыны Алматыда өтеді. Чемпион «Қайрат» өз алаңында жұлдызды құрам жасақтаған «Ақтөбені» қабылдайды. Бұл матчқа билеттер бір сағат ішінде сатылып кеткен. Екі клуб осыған дейін 79 рет кездескен.

«Қайсар» – «Астана»
Қызылордада өтетін кездесуде жергілікті «Қайсар» елордалық «Астананы» қабылдайды. Статистика бойынша «Астана» басым болғанымен, өткен маусымда «Қайсар» өз алаңында қарсыласынан ұпай алған.

«Жеңіс» – «Ордабасы»
Күннің соңғы ойыны Астанада өтеді. Бірінші турда «Жеңіс» «Қайсармен» 1:1 ойнаса, «Ордабасы» «Ертіспен» 2:2 есебімен тең түсті.

17 наурыз

«Каспий» – «Оқжетпес»
Екінші турдың соңғы матчында «Каспий» мен «Оқжетпес» кездеседі. Ақтаулық клуб премьер-лигаға екі жылдан кейін оралып отыр. Алғашқы турда «Каспий» «Қызылжардан» 1:2 есебімен жеңілсе, «Оқжетпес» «Елімаймен» 1:1 есебімен тең ойнады.

Екінші турда командалар турнирлік кестедегі жағдайын жақсартуға тырысады. Сондықтан жанкүйерлерді қызықты әрі тартысты ойындар күтіп тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button